Алматы әкімдігі метроның жаңа бекеттері үшін 3 млрд теңге бөліп, тендер жариялады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Алматы метро құрылысы Қалқаман станциясы
фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің Мемлекеттік активтер бойынша басқармасы «Қалқаманнан» Барлық базарына баратын метроның жаңа желісі үшін тендер жариялады. Бұл мақсатқа әкімдік 2,9 млрд теңге бөліп отыр.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жазылғандай, метро құрылысына қатысатын мердігерлер 9 маусымға дейін өтініш бере алады.

Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, Абай даңғылы бойымен Алатау даңғылына дейін, одан кейін солтүстікке қарай Райымбек даңғылына дейін, сосын батысқа қарай «Барлық» базарына дейін үш бекет салынуы керек. Олардың барлығы – бағаналы типтегі, аралдық платформасы бар, терең емес жер асты станциялары.

Сәулет және дизайн талаптары

Сондай-ақ №3 бекетте Райымбек даңғылының астымен өтетін, екі шығысы бар жерасты өткелін жобалау қажет. Жаяу жүргіншілер тоннельдерінде қоғамдық дәретханалар мен банкоматтар орнатылатын орындар болуы тиіс. Қазақстандық өнімдерге басымдық бере отырып, отқа төзімді, санитарлық талаптарға сай материалдарды қолдану керек.

 Әр станция үшін кемінде 5 ракурстан тұратын егжей-тегжейлі 3D-модельдер жасалуы тиіс. Жобалау кезінде сейсмикаға қарсы арнайы нормативтік құжаттарды басшылыққа алу керек.

Еске салайық, осы жылы ақпанда метро желісі Қалқаманға дейін жетті. Мамырда әкімдік Қалқаман бекеті құрылысына тағы 20,5 млрд теңге бөлді.

Сондай-ақ оқыңыз