Қырғызстанда құжатта көрсетілген жынысты өзгертуге тыйым салынуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Депутат Марлен Маматалиев Қырғызстанның ресми құжаттарындағы биологиялық жыныс туралы жазбаны өзгертуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын ұсынды.

Caravan-info ақпаратына қарағанда, заң жобасы бойынша елдің Неке және отбасы кодексіне, «Азаматтық хал актілері туралы» және «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» заңдарына өзгерістер енгізу ұсынылады.

Бастама авторларының айтуынша, құжаттың мақсаты – отбасы институтын, демографиялық қауіпсіздікті, ұлттық-мәдени бірегейлік пен дәстүрлі құндылықтарды қорғау.

Түсіндірме хатта қазіргі заңнамада медициналық анықтамалар негізінде азаматтық хал актілеріндегі жыныс туралы мәліметті өзгертуге мүмкіндік беретін құқықтық олқылық бар екені айтылған. Депутаттың пікірінше, мұндай тәжірибе Қырғызстанның тарихи және мәдени дәстүрлеріне сәйкес келмейді әрі демографияға, қоғамдық моральға және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.

Сондай-ақ құжатта жынысты өзгерту неке, ата-ана құқығы, мұрагерлік, әскери есеп, қылмыстық істердегі тұлғаны сәйкестендіру және спорттық жарыстарда құқықтық қайшылықтар туындатуы мүмкін екені көрсетілген.

Осыған байланысты заң жобасы азаматтық хал актілері мен басқа да ресми құжаттарда биологиялық жыныс туралы жазбаны өзгертуге тікелей тыйым салуды ұсынады.

Сонымен қатар Қырғызстанда биологиялық жынысты өзгертуге, оның ішінде медицинаның араласуына толық тыйым салу ұсынылды.

Сондай-ақ оқыңыз