Биыл сұраныста болатын мамандықтар тізімі жарияланды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Жыл сайын еңбек биржасында миллиондаған вакансия жарияланады / Фото: Shutterstock

Елде 2026 жылы сұраныста болатын мамандықтар рейтингі жасалды. Тізімді білім беру мен денсаулық сақтау саласы бастап тұр.

2025 жылы Электрондық еңбек биржасында 1,09 миллион бос жұмыс орны жарияланған. Finprom сарапшылары жұмыс күшіне деген сұраныс биыл да артатынын айтады. Болжамға сәйкес, биыл еңбек биржасында 1,12 миллионнан 1,31 миллионға дейін вакансия жарияланады.

Сұранысқа ие мамандар

Жоғары сұранысқа ие мамандықтар арасында білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен сауда салалары тұр.

Білім беру саласындағы бос орын жалпы вакансиялардың 30-31%-ын алып отыр. Денсаулық сақтау саласы – 10%, өңдеу өнеркәсібі – 9%.

Жекелеген мамандықтарға келетін болсақ, статистика өзгеріп отырады. Негізгі болжамға сәйкес, 2026 жылы сұранысқа ие 10 мамандық:

  • әртүрлі жұмысты атқаратын жұмысшылар (80,9 мың бос орын);
  • басқа да біліктілікті қажет етпейтін жұмысшылар (63,9 мың бос орын);
  • аула сыпырушылар (50,8 мың бос орын);
  • қоғамдық ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері (33,5 мың бос орын);
  • күтім көрсететін медицина қызметкерлері (26,3 мың бос орын);
  • өңдеу өнеркәсібіндегі біліктілікті қажет етпейтін жұмысшылар (22 мың бос орын);
  • науқастарға күтім жасайтын қызметкерлер (20,2 мың бос орын);
  • кеңсе тазалаушылар (20 мың бос орын);
  • мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері (19,7 мың бос орын);
  • үй тазалаушылар (19 мың бос орын).

Өңірлердегі жағдай

Жұмысқа маман іздеу бойынша ең жоғары сұраныс Астана қаласында тіркеледі деп болжанған. Қалада шамамен 128 мың вакансия жарияланады. Сондай-ақ тізімде Алматы қаласы (102 мың вакансия), Түркістан облысы (98 мың), Павлодар облысы (88 мың) және Қарағанды облысы (77 мың) бар.

Ал ең аз вакансия Ұлытау (19 мың), Маңғыстау (26 мың) және Жетісу (28 мың) облыстарында болады деп болжанған.

Айта кетейік, елде 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз