Зейнетақы жинағын шешіп алу шегі көтерілді

Бүгін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтаудың жаңа әдістемесін бекіту туралы үкімет қаулысы күшіне енді.
Жаңа формулаға сәйкес, мемлекет азаматтардың болашақ зейнетақысын алдын ала есептеп шығарады. Яғни «сізге зейнетке шыққаннан кейін қанша ақша керек болады және сол үшін қазір шотыңызда қанша сома жатуға тиіс» дегенді алдын ала есептеп қояды.
Жаңа әдістеме бойынша есептеу барысында адамның жасы, өмір сүру ұзақтығының болжамы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық кірістілік және басқа да параметрлер ескерілетін болады.
Зейнетақы шотында қалуға тиіс ең төменгі сома өсетіндіктен, мерзімінен бұрын шешіп алуға болатын жинақ көлемі азаяды. Дегенмен зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдаланудың қазіргі тетіктері өзгеріссіз қалады.
Жеткіліктілік шегінің жаңа мөлшері қашан белгілі болады?
Қаулыға сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа әдістеме күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңартылған жеткіліктілік шегін жариялауға тиіс.
Бұл ретте, 2026 жылғы 4 маусымға дейін берілген өтінімдер бойынша зейнетақы шегі бұрынғы көрсеткіштермен есептеледі. Ал 5 маусымда әрі одан кейін түскен өтінімдердің бәрі жаңа, қатаңдау талаптармен қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрі Асқарбек Ертаев жинақты баспанаға немесе емделуге жұмсау мүмкіндігі жойылмайтынын айтқан еді.