Президент, Құрылтай, Халық кеңесі: Тоқаев бірден бес заңға қол қойды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Тоқаев бірқатар заңға қол қойды / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды. Оның ішінде президент, Құрылтай, Халық кеңесі туралы заңдар бар.

Президент туралы заң

«Қазақстан Республикасының президенті туралы» конституциялық заңында президентінің құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері және қызметі, сондай-ақ вице-президент құқықтық мәртебесі көрсетілген.

Заңның басты жаңалығы – вице-президент институтының құрылуы. Осылайша вице-президент президент айқындаған міндеттерді орындайды.  

Құрылтай және депутаттар

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.

Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.

Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.

Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы, соның ішінде вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, президент ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, Президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту айқындалады.

Халық кеңесі

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды қамтиды.

Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.

Халық Кеңесі Қазақстан азаматтарынан құралады. Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны президент бекітеді.

Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Астана мәртебесі

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы астанаға қатысты қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.

Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін өзі басқару органының және қала әкімі жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты белгіленген.

Заң шаһардың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын міндетті талаптарды айқындайды, сондай-ақ елорда тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілеттіктерін бекітеді.

«Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заң

Бұл заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібін айқындайды.

Әкімшілік-аумақтық құрылымдағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстанның ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.

Айта кетейік, Конституцияның жаңа нұсқасы 2026 жылы 15 наурызда қабылданды

Сондай-ақ оқыңыз