Алматыдағы жер сілкінісі кезінде неге дабыл жүйесі істемеді

4 маусымда Алматыда тағы жер сілкінісі тіркелді. Бірақ қала тұрғындарының барлығына бірдей ескерту барған жоқ. KursivMedia жер сілкінісі кезінде дабыл қағатын жүйенің қалай жұмыс істейтінін анықтап көруге тырысты.
Неге хабарлама келмеді?
Алматыдағы Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің түсіндіруінше, хабарлау жүйесі жер сілкінісі 5 және одан жоғары балл болған жағдайда ғана автоматты түрде іске қосылады.
«Әлсіз жер сілкіністері кезінде хабарламалар жіберілмейді, себебі олар ықтимал қауіпті жағдайларға жатпайды және халықты жаппай құлақтандыруды қажет етпейді. Бұл артық алаңдаушылық пен дүрбелеңнің алдын алу мақсатында жүзеге асырылады», – дейді ведомстводағылар.
Бұған дейін 17 ақпанда да жер сілкінісі болған, сол кезде де алдын-ала ескерту хабарламасы келмеген. Төтенше жағдай министрлігі оның себебін жер дүмпуінің әлсіз болуымен түсіндірген. 4 маусымда болған жер сілкінісі Алматыда 2 балл, ал Жетісу облысында 3 балл деп тіркелді.
Жер сілкінісі туралы ескерту жүйесі белгілі бір шектен асқан кезде ғана іске қосылатыны тек Қазақстанда бар тәжірибе емес. Жапонияда ескерту жүйесі күшті дүмпу болған жағдайда халыққа автоматты түрде хабарлама жібереді. Әлсіз тербелістер үшін бүкіл елге дабыл берілмейді. АҚШ-тағы ShakeAlert жүйесі әртүрлі деңгей қолданады. Смартфон қосымшалары кейде 4,5 магнитудадан басталатын жер сілкіністері туралы ескерту бере алады, ал қатты дабыл дүмпу деңгейі жоғары болғанда ғана жіберіледі.
Жер сілкінісін ескерту жүйесіне қанша қаржы бөлінді?
2024 жылы қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болғанда дабыл жүйесі іске қосылмаған. Министрлік дүмпу тек 5,5 балдан жоғары жағдайда ескерту болады деп түсіндірген. Сол кезде БАҚ Алматы жер сілкіну кезіндегі ақпараттандыру жүйесіне 1.1 млрд теңге бөлінгенін жазған. Тым көп қаражат бөлгенмен, дабылдың іске қосылмауы көпшілікке ұнамады, соңы дауға ұласты. Тіпті премьер-министр Олжас Бектенов хабарлама болғандықтан, халық арасында дүрбелең туындады деп айыптаған.
Сол жылы күзде Алматы әкімдігі Mass Alert жедел құлақтандыру жүйесін сынақтан өткізуді бастады. Бірінші кезеңде Android операциялық жүйесі бар құрылғыларға, екінші кезеңде iOS құрылғыларына сынақ жүргізді. Алғашында тек Алматы бойынша жұмыс істейтін жүйе еді.
Кейін Шымкент қаласы, сонымен бірге Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары қосылды. Бұл жүйеде төтенше жағдай министрлігі Cell Broadcast технологиясын қолданған.
Осы жыл басында Mass Alert жүйесіне Алматы әкімдігі 583 млн теңге бөлмекші екені белгілі болды. Ол күндіз-түні мониторинг жүргізіп, жер сілкінісі бес баллдан жоғары болғанда дабыл қағуы керек.
Тағы да оқыңыз: Алматыдағы зілзалада дабыл беру жүйесінің бұзылуына кінәлі шенеуніктер сотталды