Пашинян кезекті рет ҰҚШҰ-дан шығу туралы қатқыл мәлімдеме жасады

Армения премьер-министрі Никол Пашинян қоғамдық телеарнадағы сайлауалды дебат кезінде Ереван қажет болса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығатынын кезекті мәрте қайталады.
Ол дебат барысында «Қуатты Армения» партиялар блогынан депутаттыққа кандидаттардың пропорционалды тізімінің жетекшісі Нарек Карапетянның сұрағына жауап берді.
«Не істеу керектігін шетелдік агенттер емес, өзіміз шешеміз. Лукашенконың қайтадан біздің кепіліміз болуына жол бермейміз», – деп атап өтті Пашинян.
«ҰҚШҰ-дағы мүшелікті тоқтата тұру деген не сөз? Жұмыс істемей ме – шығыңыздар», – деп қосты Карапетян. Ол алдымен Армения мен Әзірбайжан арасында кепіл болатын тарапты тауып алуға шақырды.
«Қажет болса, ҰҚШҰ-дан шығамыз да. Бізді қорқытып тұрсыз ба? Мұны сіз де, сіздің көкеңіз де шешпейді. Шешеміз де, шығамыз. Ал кепілгер – Армения мемлекеті мен оның әскері», – деп айтты Пашинян.
2024 жылдың ақпанында Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтататынын жариялап, мүшелік жарналарды төлеуден бас тартқан. Никол Пашинян ұйым Армения алдындағы қорғаныс міндеттемелерін орындамады деп санайды. Оның ішінде 2021-2022 жылдары Әзербайжанмен болған қарулы қақтығыс кезінде көмектеспегенін, осылайша елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне қатер төндіргенін мәлімдеген.
Ал 2025 жылы Армения парламенті ЕуроОдаққа мүшелік туралы заңды қабылдаған.
Биылғы сәуірде Пашинян Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына белсенді қатысуға қайта оралу үшін ешқандай қадам жасамайтынын айтқан.