Айына миллионнан көп табатындар қандай жұмыс істейді

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
айлық
фото: shutterstock

Threads желісінде қолданушылар ауық-ауық «айына 1 млн теңгеден көп табатындар қандай жұмыс істейсіңдер» деген сауал тастап тұрады. Солардың бірқатарын жинақтап, жоғары жалақы төленетін жұмыстарды ұсынбақпыз.

Жуырда ғана тасталған сондай сауалдардың біріне бір жарым мың пікір жазылған.

Мәселен, Жанерке деген қолданушы күйеуі тракторшы болып 1 млн теңгені 10 күннің ішінде табатынын айтады.

Енді бірі Қосшыда қойма кешенін жалға беріп, айына 9 млн теңге тауып отырғанын жазған.

Жазбаға сонау Америкадан пікір білдірген Ерлан деген жігіттің айтуынша, Чикагода такси қызметін ұсынып, айына бір жарым млн тауып жүр, бірақ АҚШ-қа қауіпті жолмен келген.

«Қойдың артынан бес жыл жүрдім. Басын мыңға жеткізгеннен кейін өмірім жақсарды», – дейді тағы бір қолданушы.

«Гүл дүкенін аштым, табысын білмеймін, шығыны айуан екен» деп кері жағдайды айтып жатқандар да бар.

Біреу оңалту массажымен айналысып, айына 1,2-1,5 млн тапса, біреу көлік саласында алып-сатарлықпен айналысып, аптасына кемі 500 мың табады. Ауылдан қалаға сүт сатып, 2-3 млн табысқа жетіп отырған, тергетпен айналысып 8 млн-ға дейін табатын жандар да кездеседі.

Ақбота Астанада клинингпен айналысып айлық нәпақасын 900 мыңға жеткізсе, Темір тендерден 5-6 млн-дап табады екен.

Кейбірі бұл табысқа екі жұмыс істеп жетіп отыр. Мәселен, бір қолданушы мемлекеттік қызметте жүріп, бос уақытында жиһаз жасайтынын айтады. Ютуб каналдан, арықтататын дәрі сатудан, сатушылықтан түскен қаржыны құрап, жоғарыдағы сомаға жеткізетіндер де табылды. Мектепте мұғалім бола жүріп, тикток арқылы киім мен косметика сататындар бар.

Одан бөлек ұзын-сонар тізімде төмендегідей мамандар айлық табысы 1 млн теңгеден асатынын айтқан:

  • құрылысшы;
  • логистика саласының маманы;
  • шахтер, бұрғылап су шығарушы;
  • инженер;
  • стомотолог;
  • тіс механигі;
  • кран жүргізушісі;
  • домбыра жасап сататын шебер;
  • бухгалтерлік қызметпен айналысатындар;
  • мобилограф;
  • аудармашы;
  • турагент;
  • энергетик;
  • зергер;
  • перде, диван қабын тігетін тігінші;
  • SMM маманы;
  • телефон жөндеуші;
  • дәнекерлеуші;
  • көлік шанағын жасаушы шебер;
  • модульді үйлер жасаушылар;

Кей қолданушылар айлығы жоғары мамандар арасында ұстаздар мен дәрігерлердің жоқтығына қынжылыс білдірген.

Бұған дейін, қандай мамандық иелеріне 2 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылатыны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз