Алматыда көпқабатты үйдің жертөлесінен есірткі зертханасы анықталды

Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде заңсыз есірткі зертханасын ұйымдастырғандар ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеру жұмыстарына тұрғындардан «102» арнасына келіп түскен хабарлама негіз болды. Хабарламада есірткі заттарына тән күмәнді иістің сезілетіні айтылған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері тексеру барысында жертөле ішінде арнайы жабдықтардың орнатылғанын және құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасанды жағдайлардың жасалғанын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған орынға қатысы бар адамдар анықталды. Тергеу барысында сыртқы белгілері бойынша қарасораға ұқсас ондаған түп өсімдік пен кептірілген өсімдік тектес зат тәркіленді.
Сонымен қатар өсімдіктерді өсіруге және оларды заңсыз айналымға дайындауға арналған арнайы құрал-жабдықтар да алынды. Олардың қатарында жарықтандыру құрылғылары, электронды таразылар, вакуумды қаптау аппараты және температураны бақылауға арналған техникалық құралдар бар.
«Құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру – есірткінің заңсыз айналымына алып келетін қылмыстық тізбектің бір бөлігі. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен жүйелі жұмысының арқасында бұл дерек дер кезінде анықталып, жолы кесілді. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Абдумасаров.
Қазіргі уақытта күдіктілер полицияға жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, елде есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора» операциясы басталғанын хабарлаған едік.