Цифрлық даму министрлігі елде интернет неге нашарлағанын түсіндірді

7 маусымда қазақстандықтар әлеуметтік желіде интернет нашар жұмыс істеп тұрғанына шағымданды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі интернет сапасына байланысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, елдегі құрылыс жұмыстары кезінде халықаралық трафикті тарататын негізгі байланыс кабелі зақымдалған. Соның салдарынан елдегі кейбір сайттар мен интернет-ресурстар бірнеше уақыт бойы нашар жұмыс істеген.
«Қазақтелеком» АҚ берген мәліметке сүйенсек, құрылыс техникасы халықаралық интернет-трафиктің негізгі бағыттарының бірін қамтамасыз ететін кабельді зақымдаған. Мамандар интернетті жедел түрде қосалқы арналарға ауыстырды. Соның арқасында байланыстың толық өшіп қалуын алдын алу мүмкін болды», – деп түсіндірді министрлік.
Қазіргі уақытта кабельді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін өзін «№1 мобильді интернет» деп жарнамалаған операторға сот жеке ұйғарым шығарғанын хабарлаған едік.