Биыл 23,8 млн гектар жерге егін егілді

2026 жылы елде 23,8 млн гектар жерге егін егілді, бұл 2025 жылғымен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.
Негізінен дәнді дақылдар мен майлы дақылдар егілген:
- дәнді дақылдар – 14,6 млн гектар;
- майлы дақылдар – 4,2 млн гектар;
- мал азықтық дақылдары – 1,2 млн гектар;
- мақта – 166 мың гектар;
- көкөніс дақылдары – 120 мың гектар;
- картоп – 126 мың гектар;
- бақша дақылдары – 84 мың гектар;
- қант қызылшасы – 22 мың гектар.
Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары болып қала береді. Мәселен, СҚО-да егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрады. Ал Ақмола облысында жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарға жетті. Қостанай облысында көктемгі егіс науқанының жалпы көлемі 5,2 млн гектар болды. Айта кету керек, бұл өңір астықтан ұн өңдеу бойынша республикадағы көшбасшы орнын сақтап келеді. Қостанай облысының үлесіне ұн өндірісінің 30%-ы тиесілі.
2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру үшін 750 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға 4,8 мыңға жуық фермерлер қаржыландырылады, 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.
Ал кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік көмек беріледі. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды: науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1733 кепілдік берілді.
Тағы да оқыңыз: Түркістанда фермерлер 45 күнде қырыққабат өсіріп шығарды