Қытай билігі Семейдегі көпір құрылысына қаржы бөлуден бас тартты

Қытай Семейдегі жаңа көпір құрылысына грант түрінде қаржы бөлуден бас тартты. Бұл туралы Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Instagram парақшасында хабарлады.
2025 жылдың тамыз айында екі ел техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Аталған құжат аясында Қытай Халық Республикасы 200 млн юань (14 млрд теңгеден астам) көлемінде өтеусіз көмек көрсетуі тиіс болған. Қазақстан үкіметі бұл гранттың бір бөлігін Семейдегі жаңа көпір құрылысын аяқтауға бағыттауды мақұлдаған еді. Алайда Серік Төленбергеновтің мәліметінше, Қытай тарапы бұл жобаға қаржы бөлуден бас тартқан.
«Қытай тарапы аталған жобаның қайтарымсыз көмек аясында іске асырылатын жобаларға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні туралы хат жолдады. Сонымен қатар, қазақстандық тарап ұсынатын өзге жобаларды қарастыруға дайын екенін білдірді«, – делінген хабарламада.
Көпір құрылысының орнына Қазақстан тарапынан келесі жобаларды іске асыру ұсынылды:
- Семей қаласында Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында көпдеңгейлі көлік айрығын қайта жаңарту;
- Семей қаласындағы Чайковский көшесінен жаңа әкімшілік орталыққа дейін Терешкова көшесінің құрылысын салу.
Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір 2022 жылы ескі автокөлік және жаяу жүргінші көпірінің жанынан салына бастады. Көпірдің ұзындығы 810 метр, ені 21,5 метр болады.
Жобаны іске асыруға 2022–2024 жылдары 16,7 млрд теңге бөлінген. 2025 жылы республикалық бюджеттен қосымша 10,3 млрд теңге қарастырылды. Өткен жылы өңір басшысы Берік Уәли құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін тағы 19 млрд теңге қажет екенін айтқан болатын.