Өз уақытынан артық еңбек ететін қазақстандықтардың саны көбейген

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Өз уақытынан артық еңбек ететін қазақстандықтардың саны көбейген
Өз уақытынан артық еңбек ететін қазақстандықтардың саны көбейген/ фото: shutterstock

Қазақстанда аптасына 41 сағаттан астам жұмыс істейтін азаматтардың саны артып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында елімізде 1,4 миллион адам белгіленген уақыттан артық еңбек еткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға, шамамен 171 мың адамға көп.

Finprom мәліметіне сәйкес, салыстырмалы түрде айтсақ, қазір шамамен әр бесінші ер адам және әр тоғызыншы әйел нормадан артық жұмыс істейді.

Ең көп жұмыс істейтіндер кімдер?

Артық уақыт жұмыс істейтіндердің басым бөлігі ер азаматтарды құрайды, шамамен 898 мың адам. Дегенмен көрсеткіш әйелдер арасында да тез өсіп жатыр, жуықтап алғанда 507 мыңнан асады.

Жас ерекшеліктеріне келер болсақ, ең көп жұмыс істейтіндердің жасы 35 пен 54 жас аралығындағы азаматтар. Ал 16-24 жас арасында ұзақ жұмыс істейтіндердің үлесі анағұрлым аз.

Сонымен қатар тұрақты келісімшарты бар қызметкерлерге қарағанда, өз бетінше нәпақа тауып жүргендердің әрбір төртіншісі аптасына 41 сағаттан астам уақытын жұмысқа арнайды.

Қай салаларда үстеме жұмыс көп?

Артық жұмыс істейтіндердің көбі сауда, өндіріс және көлік саласында кездеседі.

Ал егер әр саланың ішкі көрсеткішіне үңілсек, жұмыс уақыты ең ұзақ салалар мыналар:

  • Кен өндірісі: орташа жұмыс уақыты аптасына 44 сағат;
  • Сауда және автожөндеу: орташа жұмыс уақыты 42 сағат ;
  • Қонақүй және тамақтану қызметі: 42 сағат;
  • Көлік және қоймалау: 42 сағат;
  • Құрылыс: 41 сағат.

Ең аз жұмыс істейтін салалар

Білім беру (3,3%) және денсаулық сақтау (5,4%) салаларында нормадан тыс еңбек ететіндердің үлесі өте төмен. Сонымен қатар қаржы және сақтандыру қызметі сегментінің (6%) қызметкерлері салыстырмалы түрде нормадан тыс сирек жұмыс істеген.

Ал ең қысқа жұмыс аптасы ауыл шаруашылығында тіркелген. Аптасына орташа есеппен 33 сағат.

Бұған дейін 2026 жылы сұраныста болатын мамандықтардың тізімін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз