Астанада автокөлік салонынан жеті келі есірткі табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ер адам аталған есірткі затын өзі тұтыну үшін сақтағанын айтты / фото: Polisia.kz
Астанада автокөлік салонынан жеті келі есірткі табылды / фото: Polisia.kz

Астанада жедел іс-шаралар барысында есірткі сақтау және өткізуге күдікті ер адам анықталып, ұсталды. Оның көлігіндегі пакеттерден жеті келіден астам гашиш табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдіктіге тиесілі автокөлік операция барысында полициямен тоқтатылды. Тінту кезінде көлік салонынан өзіне тән иісі бар сұр-жасыл түсті ұнтақ тәріздес зат салынған пакет, сол тектес зат бар екі литрлік бөтелке, сондай-ақ, ұқсас зат құйылған екі бес литрлік бөтелке табылды.

«Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат гашиш болып шықты. Одан бөлек, электронды таразы табылды. Жалпы салмағы жеті келіден асатын табылған заттың барлығы тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Астана полициясы.

Құқық қорғау органдары азаматтарға есірткіні сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Қазақстанда есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде заңсыз есірткі зертханасын ұйымдастырғандар ұсталғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз