Solidcore директорлар кеңесін Оман мемлекеттік қорының президенті басқаратын болды

Қазақстанда алтын өндіретін үш ірі компанияның бірі – Solidcore Resources компаниясының басшылық құрамы өзгерді.
1 маусымнан Директорлар кеңесінің төрағасы болып Абдулсалам Әл-Муршиди тағайындалған. Ол бұған дейін Оман Сұлтандығының егеменді әл-ауқат қоры – Oman Investment Authority президенті қызметін атқарған.
Абдулсалам Аль-Муршиди инвестициялық басқару, корпоративтік басқару және стратегиялық көшбасшылық салаларында кәсіби тәжірибесі бар.
Бұған дейін Директорлар кеңесіне жетекшілік еткен Омар Бахрам Төрағаның орынбасары лауазымына ауысты.
Solidcore Resources – Қазақстандағы жетекші алтын өндіруші және АХҚО биржасында (AIX) тіркелген ірі компания. Бүгінде оның портфелінде елдегі екі жұмыс істеп тұрған кәсіпорын мен бірнеше даму жобалары бар.
Алтын өндіруші компанияның 29,7%-ы омандық Maaden International Investment LLC-қа тиесілі болса, 0,7%-ы менеджмент қолында, ал қалған 69,6%-ы еркін айналымда жүр.