Жыл басынан бері сталкинг бойынша 11 мыңнан астам адам қамауға алынды

2026 жылдың басынан бері сталкинг бойынша 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 мыңнан астам адам қамауға алынды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
Айтуынша, сот 9200 агрессордың мінез-құлқына ерекше талап қойды, оның ішінде 8300 адамға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды.
Белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 10 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың барлығына міндетті психокоррекциялық шаралар тағайындалды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа заң аясында 1928 адамға ресми ескерту жасалды. Бұдан бөлек, 49 құқық бұзушының жәбірленушілерге жақындауына тыйым салынды.
«Ішкі істер министрлігі дағдарыс орталықтары, білім беру, әлеуметтік қорғау ұйымдары және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс жасап келеді. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, соның ішінде оларды қудалау туралы әрбір өтінішті қарау Министрліктің күнделікті жедел бақылауында», – деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар министр жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 2400-ден астам адам жіберілгенін айтты.
«Қазіргі уақытта республика бойынша осындай 158 орталық жұмыс істейді. Полицейлер зәбір көрген әйелдермен тәулік бойы байланыста болып, оларға жан-жақты көмек көрсетіп келеді», – деді ол.
Бұған дейін Алматыда бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмай, қудалаған ер адам ұсталып, жазаға тартылған.