Toyota 700 ат күшіне ие 7 цилиндрлі Camry көрсетті

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Super Taikyu / фото: caranddriver.com

Toyota-ның Gazoo Racing бөлімшесі Super Taikyu 24 сағаттық төзімділік жарысы аясында ерекше эксперименттік Camry седанын таныстырды. Бұл жай ғана спорттық нұсқа емес, бірден екі қозғалтқыш орнатылған толық жетекті шоукар.

Ең қызығы, екі мотордың жалпы қуаты шамамен 700 ат күшіне жетеді. Ал цилиндр саны – 7.

Капоттың астына стандартты қозғалтқыштың орнына GR Yaris және GR Corolla хот-хэтчтерінде қолданылатын 1,6 литрлік 3 цилиндрлі G16E-GTS турбомоторы қойылған. Бұл агрегат 300 ат күшін береді және алдыңғы дөңгелектерді қозғалысқа келтіреді.

Ал екінші қозғалтқыш көліктің артқы бөлігіне орнатылған. Ол бұрынғы артқы жолаушылар диванының орнына орналастырылған. Бұл Toyota-ның жаңа буын спорттық модельдеріне арналған перспективалы 2,0 литрлік 4 цилиндрлі G20E турбомоторы. Оның қуаты шамамен 400 ат күші, ал міндеті – артқы дөңгелектерді айналдыру.

Осылайша, Toyota кәдімгі Camry-ді екі моторлы, толық жетекті, 700 ат күшіне ие ерекше спорттық седанға айналдырды.

Сол іс-шарада Toyota Racing бөлімшесі тағы бір концептуалды Camry көрсетті. Бұл көлік жапондық тюнинг мәдениетіндегі босодзоку стилінде жасалған. Бұл атауды шамамен «агрессивті жарыс кланы» деп аударуға болады.

Қара түсті шоукардың капоты астында бір ғана қозғалтқыш бар. Ол да жаңа 2,0 литрлік G20E моторы, қуаты – шамамен 400 ат күші. Бірақ басты ерекшелігі – Camry артқы жетекті болып жасалған. Ал сериялық Camry модельдері әдетте алдыңғы немесе толық жетекті болады.

Көліктің сыртқы келбеті де ерекше. Оған үлкен аэродинамикалық обвес, кеңейтілген дөңгелек аркалары орнатылған. Ал салоны мүлде бөлек стильде жасалған: жасанды тері, хрусталь беріліс ауыстыру тұтқасы, үй интерьеріне ұқсайтын люстра және сигара түріндегі сәндік элементтер қолданылған.

Toyota өкілдері екі жоба да сериялық өндіріске арналмағанын атап өтті. Яғни мұндай Camry дүкендерге шықпайды. Олар инженерлік командалардың мүмкіндігін көрсету үшін жасалған шоукарлар ғана.

Дегенмен жаңа G20E турбомоторы болашақта Toyota-ның спорттық модельдерінде қолданылуы мүмкін. Соның ішінде Celica және MR2 модельдерінің ізбасарларына орнатылуы ықтимал.

Бұған дейін Toyota жаңа модельдік жылға арналған GR86 купесінің жаңартуларын да таныстырған еді. Performance опциялық пакетінде Sachs амортизаторлары, Brembo тежегіштері, алдыңғы дөңгелектерге арналған алты поршеньді суппорттар, артқы жағында төрт поршеньді суппорттар және үлкейтілген тежегіш дискілері қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз