Қытай азаматы KazakhOil Aktobe бас директоры болып тағайындалды

Қытай азаматы Ван Цзяньнин (Wang Jianning) «Қазақойл Ақтөбе» Бас директоры болып тағайындалды. Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен компания басшылығы екі жылда ауысып тұрады.
Басшылықтағы ауыс-түйіс
2026 жылғы 1 маусымда «KazakhOil Aktobe» ЖШС бас директоры қызметіне Ван Цзяньнин тағайындалды. Мәлімет мұнай-газ өндіруші компания сайтында жарияланды.
«Қазақойл Ақтөбе» акцияларының 50%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына, ал қалған 50%-ы Sinopec қытай корпорациясына тиесілі. Акционерлер басқару жүйесінде ротация қағидасын қолданады.
Мәселен, 2024-2026 жылдар аралығында бірлескен компанияны Нұрсейіт Союнов басқарған. Енді ол бас директордың орынбасары қызметін атқарады.
Жаңа басшы туралы
«Қазақойл Ақтөбе» мәліметінше, бас директор қызметіне кіріскен Ван Цзяньнин 2005 жылы Янцзы университетін бітірген. Ал 2008 жылы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің магистрі атанған.
Ол «Қазақойл Ақтөбеге» 2021 жылы келген. Содан бері оның қызметі өрлеп, бес жылдың ішінде бас директор атанған. Ал оның алдында Sinopec корпорациясы құрамында Қытай, Ресей, Нигерия, Индонезия елдерінде істеген.
Бірлескен компания туралы
«Қазақойл Ақтөбе» бірлескен компаниясы 1999 жылғы 21 қыркүйекте құрылған. Кәсіпорын Ақтөбе облысындағы Әлібекмола және Қожасай кен орындарында көмірсутек шикізатын өндіру құқығына ие болған.