Министр орманшылар қанша жалақы алатынын айтты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Семейдегі алапат орман өртінен кейін орманшылардың жалақысы екі есе көтерілді. Бүгін үкімет отырысында экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев арнайы қорғалатын аймақта жұмыс істейтін қызметкерлердің қанша айлық алатынын айтты.

«2022-2024 жылдар аралығында барлық азаматтық қызметкерге жалақыны екі есе көтерді. Сондай-ақ еңбек тәуекеліне байланысты орман өрт станцияларының қызметкерлерінің еңбекақысына 100 пайыз үстемақы қосылды. Нәтижесінде, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі 280 мың (тәжірибесіне қарай), орман өрт станциясының бастығы 350 мың, орман өрт сөндірушісі 250 мың теңге жалақы алады», – деді вице-министр.

Арнайы қорғалатын аймақтарда жұмыс істейтін мемлекеттік инспекторлар айлығы одан да жоғары екенін атап өтті. Дегенмен бухгалтерлер, экономистер тәрізді әкімшілік корпус қызметкерлерінің жалақысы өзгермеген. Олардың ең минималды жалақысы 150 мың теңге көлемінде қалып отыр.

«Бірақ «Семей орманы» резерватындағы үнемдеу есебінен қосымша үстемақы қарастырылған», – дейді Нұркен Шәрбиев.

Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда күні «Семей орманы» табиғи қорығында алапат өрт болып, 15 өрт сөндіруші қайтыс болды.

Бұл іске айыпты деген бірнеше шенеуніктер жауапқа тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз