Астананың екінші су құбыры желісі 2028 жылға қарай іске қосылуы тиіс

Үкіметте Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейінгі су құбырының құрылысы талқыланды. Кеңесті Қазақстанның бірінші вице-премьері Нұрлыбек Нәлібаев өткізді.
Талқылауға қатысушылар атап өткендей, жоба елорданы сумен жабдықтаудың екінші көзімен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл халық санының өсуіне байланысты қаланың суға деген артқан қажеттілігін жабуға көмектеседі.
«Жаңа нысан 203 шақырым су құбырын, үш сорғы станциясын және тәулігіне 210 мың текше метр су өткізу қуаты бар №4 сорғы-сүзгі станциясын қамтиды. Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Кеңесте жұмыстардың қазіргі барысы және құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау мерзімдері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік органдарға жобаның кідіріссіз жүзеге асуы үшін барлық қажетті рәсімдерді жеделдетуді тапсырды. Жобаны «Elorda Aqua» кәсіпорны іске асырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада техникалық су құбырының құрылысы жалғасып жатқанын жазған едік.