Футбол мен сыра: англиялық жанкүйер Әлем чемпионатының 48 елінен сусын жинап шықты

Футболдан әлем чемпионаты жанкүйерлердің түрлі естелік бұйымдар мен кәдесыйлар жинайтын мерекеге айналады. Англиялық Гас Халли (Gus Hully) есімді азамат бұл дәстүрді мүлдем жаңа қырынан көрсетті.
Лондонда тұратын музыкант АҚШ, Мексика және Канадада өтетін биылғы Әлем чемпионатына қатысатын барлық 48 мемлекеттің сырасын тауып, бірегей коллекция жинаған.
48 елдің сусыны: Іздеу жұмыстары қалай жүрді?
Гас 2016 жылғы Еуропа чемпионатынан бері ерлер мен әйелдер арасындағы барлық ірі турнирлердің, тіпті «Еуровидение» байқауының да қатысушы елдерінен сусын жинауды әдетке айналдырған. Алайда, биылғы жылы командалар санының 48-ге дейін көбейгені қиындық тудырған.
«Мұның бәрін жинау үшін көп уақыт пен күш кетті», – дейді Гас BBC Sport-қа берген сұхбатында.
Ол бұл маусымның дайындығын 2025 жылдың басында, Азия іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасы алға шыға бастағанда-ақ қолға алған.
Ең қиын түскен елдер: Иран, Ирак және Сауд Арабиясы
Кейбір елдердің сусынын табу оңай болғанымен, ислам елдері мен ішімдікке тыйым салынған аймақтар Гасқа қиындық тудырған.
Солардың бірі Иранда алкогольге қатаң тыйым салынғандықтан, Гас арнайы алкогольсіз уытты сусын іздеген. Бұған Лондонның солтүстігіндегі Финчли ауданында тұратын ирандық диаспора көмектесіп, қажетті сусынды тауып берген.
Ал Ирактың сусынын алу үшін Гас Польшада тұратын бір жігіттен сол елден кәдесый ретінде алып келген ананас дәмі бар алкогольсіз сусынын 30 фунт стерлингке сатып алған.
Қатар мен Сауд Арабиясынан алу үшін Гас финляндиялық тағы бір коллекционермен сирек кездесетін ағылшын сырасын Катардың «Fizzin» және Сауд Арабиясының «Moussy» сусындарына айырбастауға мәжбүр болған.
Таңғаларлығы, сақтық үшін жарысқа жолдама ала алмай қалған Гватемала мен Коста-Риканың да сусындарын алдын ала сатып алып қойған екен. Оған достары Алжир, Иордания және Кюрасао елдерінен де сусындар тауып берген.
Коллекцияны не істемек?
Гас бұл 48 сусынды жинау үшін жалпы алғанда 250 фунт стерлинг (шамамен 150 мың теңге) жұмсаған. Ағылшындық жанкүейр сусындарды не істейтінін де айтты.
«Әлем чемпионатында қай команда жарыстан шығып қалады, сол елдің сырасын ашып ішемін. Сол ел үшін арнайы көтеріп отырамын», – дейді жанкүйер.
Осылайша, ағылшындық жанкүйер АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлемдік доданы үйінде сыра ішіп отырып, көруді жөн көрген екен.
Еске сала кетейік, футболдан әлем чемпионаты 11 маусым күні басталады. Алғашқы ойын Мексика мен Оңтүстік Африка арасында өтеді. Барлық ойындардың кестесін сілтеме арқылы көре аласыз