65,5 млрд теңгеге сатып алынған вагондар неге елге жеткізілмей жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Айдар Рыскулов
Вагондар неге елге жетпеді / Фото: ҚТЖ

2025 жылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуға 65,5 млрд теңге бөлініп, 68 вагон сатып алынды. Бірақ вагондар әлі де халықтың игілігіне берілмеді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден айтты.

Ол «Самұрық-Қазына» қорының өкілінен вагондар неліктен уақытында жеткізілмей, қабылданбай қалғанын, олардың қазіргі жағдайы қандай екенін сұрады.

Қарақат Әбденнің айтуынша, халықтың басым бөлігі пойызбен қатынайтынына қарамастан, елде вагон тапшылығы мәселесі әлі шешілмей келеді. Тіпті, бөлінген қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалуы да күмән тудырып отыр.

«2025 жылы жолаушылар вагондарының паркін жаңартуға 65,5 млрд теңге бөлінді. Жоспар бойынша 68 вагон сатып алынып, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс еді. Кейіннен вагон саны 51-ге дейін қысқарып, жеткізу мерзімі де өзгерді. Алайда, бүгінгі күнге дейін вагондар қабылданбаған, бірақ бюджет қаражаты толық игеріліп кеткен», – деді депутат.

Осыған байланысты Қарақат Әбден «Самұрық-Қазына» өкілдерінен неліктен вагондар уақытында жеткізілмегенін, қазіргі таңда бұл вагондардың жағдайы қандай және олар қашан халық игілігіне берілетінін туралы сауал жолдады.

Вагондар неге жеткізілмеді?

Қор өкілі Айдар Рысқұловтың айтуынша, 2021 жылы швейцариялық Stadler компаниясы «Қазақстан темір жолының» (ҚТЖ) инвесторы ретінде отандық «Тұлпар» зауытын сатып алған.

2022 жылы ҚТЖ мен «Stadler» арасында 2030 жылға дейін жолаушылар вагонын толық жаңартуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылған.

«2025 жылы алғашқы партияны жеткізу кезінде техникалық сәйкессіздіктер анықталды. Нақты айтқанда, вагондардың тежеу жүйесінің құрамына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында бұл вагондар қабылданбаған. Қазіргі уақытта швейцариялық компания барлық техникалық кемшіліктер мен қателіктерді толық мойнына алған. Жөндеу және өзгерістер енгізу жұмыстары «Stadler» компаниясының өз қаражаты есебінен жүргізіледі», – деді ол.

Айтуынша, егер барлық ескерту мен кемшіліктер уақытында жойылса, дайын болған вагондар 2026 жылдың екінші тоқсанында жеткізілуі мүмкін.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ-ның табысы 2,7 трлн теңгеден асқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз