26,5 трлн теңге бар: Сүлейменов зейнетақы қорындағы қаржы азайғанын жоққа шығарды

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәжіліс кулуарында зейнетақының жеткіліктілік шегін көтеру Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың тапшылығына байланысты емес екенін, болашақ зейнетақы төлемдерін сақтау үшін қажет екенін айтты.
Ол журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, зейнетақы жинақтары тұрғын үй мәселелерін шешуге емес, азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті.
«Бұл – тұрғын үйге арналған жинақ емес, зейнет жасына жеткенге дейін жиналатын дербес шот. Мемлекет азамат зейнетке шыққанға дейін жинақтауы керек деген ұстанымды басшылыққа алады. Себебі, егер біз тапқан қаражатымыздың бәрін қазір жұмсайтын болсақ, зейнетке шыққанда күнелтуге қаражатсыз қалуымыз мүмкін», – деп атап өтті Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы жеткіліктілік шегін көтеру БЖЗҚ-ның қаржылық мәселесіне байланысты өзгерді деген пікірді үзілді-кесілді жоққа шығарды.
» Олай емес. Бүгінде БЖЗҚ-да 26,5 трлн теңге бар. Ақша жеткілікті, ол жерде ешқандай тапшылық жоқ», – деп мәлімдеді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, зейнетақы жүйесі өзінің негізгі функциясын атқаруы тиіс. Ол – азаматтарды еңбек қызметі аяқталғаннан кейін табыспен қамтамасыз ету.
Ол тұрғын үйге арналған жинақтар арнайы тұрғын үй құралдары арқылы қалыптасуы тиіс екенін баса айтты.
«Егер адам тұрғын үйге ақша жинағысы келсе, Отбасы банк бар. Биылдан бастап тұрғын үй жинақ ақша жүйесіне екінші деңгейлі банктер де кіреді . Әрбір шот өз міндетін атқаруы керек. Зейнетақы шоты зейнетақымен қамтамасыз етуге арналған», – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы жеткіліктілік шегін тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін бағалау құралы ретінде қарастырмауға шақырды.
Айта кетейік, 5 маусымнан бастап елде зейнетақы жинағын шешіп алу шегі көтерілген еді.