Ресейден әкелінген жолбарыстарға қазақша есім берілді

Елімізде жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында жеткізілген төрт жолбарысқа ресми түрде есім берілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Жолбарыстарға терең мағынаға ие Амур, Үміт, Тұран және Уссури деген есімдер қойылды.
Айта кетейік, бұл жоба – жойылып кеткен Тұран жолбарысының экожүйедегі орнын оған генотиптік тұрғыдан ең жақын келетін Амур жолбарыстарымен алмастыру арқылы қалпына келтіруді көздейді.
«Іле-Балқаш» резерватындағы алғашқы қадамдар
Қазақстан топырағына табан тіреген соң, жолбарыстар отбасы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының арнайы жабдықталған вольерлеріне орналастырылды.
Жолбарыстар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп жатыр. Жануарлардың денсаулығы мен жалпы күйі тұрақты деп бағаланып отыр. Олар мамандар мен ветеринариялық қызмет өкілдерінің жіті әрі тұрақты бақылауында.
Келесі кезең: Жабайы табиғатқа жіберу
Жолбарыстар вольерде мәңгі қалмайды. Олардың жаңа ортаға үйрену процесі мен денсаулығын кешенді бағалау аяқталғаннан кейін, жыртқыштарды еркіндікке – шынайы табиғи ортаға жіберу жұмыстары басталады.
Қауіпсіздік пен ғылыми бақылауды қамтамасыз ету үшін табиғат аясына жіберілер алдында әр жолбарысқа арнайы қарғыбау тағылады. Спутник арқылы мамандар жануарлардың қозғалысын, аң аулау белсенділігін тәулік бойы қадағалап, қажет болған жағдайда жедел көмек көрсете алады.
Еске сала кетейік, бұл төрт Амур жолбарысы мамыр айында Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында келген еді.
Бұдан бөлек, Іле-Балқаш резерватына Нидерландыдан екі Амур жолбарысы жеткізілген еді.