Қазақстанда 5 жұлдызды қонақ үйлердің бөлмелер саны азайған

Kursiv Media зерттеуінше, Қазақстандағы 5 жұлдызды қонақ үйлердегі бөлмелер саны бір жылда аздап қысқарған. Ұлттық статистика мәліметінше, 2025 жылы мұндай қонақ үйлерде 3 926 бөлме болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 3 810 бөлмеге түсті. Яғни ел бойынша жалпы сан 116 бөлмеге азайған.
Бір қарағанда айырма үлкен емес. Бірақ бұл жоғары санатты қонақ үй нарығында өсім емес, керісінше тоқырау бар екенін көрсетеді. Әсіресе кей өңірлер бойынша деректің жасырылуы немесе 2026 жылғы тізімде болмауы нарықтың біркелкі дамып отырмағанын аңғартады.
Қазақстандағы 5 жұлдызды қонақ үйдегі бөлмелер саны
| Өңір | 2025 | 2026 | 2026 деңгейі | Өзгеріс |
|---|---|---|---|---|
| Ақмола | 200 | x | x | |
| Атырау | 517 | 517 | 0 | |
| Қарағанды | 92 | 92 | 0 | |
| Маңғыстау | 340 | 340 | 0 | |
| Шығыс Қазақстан | 133 | x | x | |
| Астана қаласы | 1 071 | 1 071 | 0 | |
| Алматы қаласы | 1 264 | 1 280 | +16 | |
| Шымкент қаласы | 177 | 177 | 0 |
Алматы қаласы әлі де көш бастап тұр. 2026 жылы қаладағы 5 жұлдызды қонақ үйлерде 1 280 бөлме болған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 16 бөлмеге көп. Яғни жоғары санатты қонақ үй нарығындағы негізгі өсім Алматыда ғана байқалады.
Астана қаласында көрсеткіш өзгермеген – 1 071 бөлме. Бұл елордада премиум қонақ үй қоры тұрақты екенін білдіреді. Атырау, Маңғыстау, Қарағанды және Шымкентте де бөлме саны былтырғы деңгейде қалған.
Жалпы көрініс мынадай: Қазақстанда 5 жұлдызды қонақ үйлер негізінен Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл түсінікті де. Іскерлік сапарлар, халықаралық іс-шаралар, туристер мен жоғары табысты қонақтар көбіне осы екі қалаға келеді.
Ал өңірлерде мұндай қонақ үйлердің дамуы баяу. Себебі 5 жұлдызды қонақ үй салу қымбат, ал оны тұрақты толтырып отыру одан да қиын. Мұндай нысандарға тек турист емес, ірі бизнес, шетелдік делегациялар, форумдар мен тұрақты әуе байланысы керек.
Соңғы жылдары қонақ үй қызметтерінің құны да «шарықтап» бара жатыр. Соңғы үш жылдың мәліметіне көз жүгіртсек, республика бойынша қонақ үйлерде бір тәулік түнеудің орташа бағасы айтарлықтай өскен.