Павлодар облысында бірнеше ауылда маса қаптады

Павлодар облысының Шарбақты ауданында масалардың жаппай ұшып шығуы тіркелді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желілерде Шошқалы, Бозалан, Садықащы және Шалдай ауылдарының тұрғындары шағымданды. Олардың айтуынша, елді мекендерге масалар аномальды мөлшерде шабуыл жасаған. Ауыл тұрғындары далаға шыға алмай, бақшада жұмыс істеп, балалармен серуендей алмай қалды.
Тұрғындардың шағымынан кейін оқиға орнына жер қойнауын пайдалану басқармасының қызметкерлері, облыстық ғылыми топ мүшелері және аудандық әкімдіктің мамандары барды. Олар жәндіктердің аномальды түрде ұшып шыққанын растады.
«Соңғы 2-3 күнде жағдай өте күрделі. Болжам бойынша себебі – орман өрттерін сөндіруге қажетті жасанды су қоймалары, сондай-ақ осы ауылдардың маңында пайда болған ұсақ жергілікті су айдындары», – деді мамандар.
Олар облыстық бюджеттен қаржыландырылатын дезинсекциялық іс-шаралар Ертіс өзенінің бойында орналасқан қала мен аудандарда жүргізілетінін түсіндірді. Өзенге шығаберісі жоқ жайылмалы емес және далалық учаскелерді өңдеу қарастырылмаған. Мұндай аймақтарға Успен, Шарбақты, Баянауыл аудандары және Екібастұз маңындағы ауылдық аймақ жатады. Мұнда мамандар тек жергілікті учаскелерді ғана өңдейді.
Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты 10 маусымнан бастап Шошқалы, Бозалан, Садықащы және Шалдай ауылдарында арқаға асып қолданылатын бүріккіштер мен ыстық тұман генераторын пайдалана отырып, дезинсекциялық тосқауылдық өңдеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ су айдындарына «Бактицид» (маса дернәсілдерін жоюға арналған биологиялық препарат) қолданылады.