Орал қытайлық Цзиньчжоу қаласымен бауырлас атанды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Орал қытайлық Цзиньчжоу қаласымен бауырлас атанды / Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысы мен Ляонин провинциясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісім Қытайдың Шэньян қаласында өткен халықаралық конференция барысында қол қойылды. Қытайда өткен ауқымды шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация қатысқан.

Форумға 50 мемлекеттің өкілдері жиналып, оларға Қытайдың ірі индустриялық орталықтарының бірі саналатын Ляонин провинциясының әлеуеті таныстырылды.

Конференцияның пленарлық отырысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасап, өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын айтты.

«Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,5 есеге артып, 175 миллион АҚШ долларына жетті. Біз Ляонин провинциясымен инновациялық шешімдер, жасанды интеллект және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайынбыз», – деді Нариман Төреғалиев.

Ляонин провинциясының қалалары әлемнің 96 қаласымен бауырластық байланыс орнатқан. Бүгін бұл қатарға Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы да қосылды. Орал мен Цзиньчжоу қалаларының басшылары бауырластық қатынастар орнату туралы ниеттер хаттамасына қол қойды.

Құжатта тараптар арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-спорттық және басқа да маңызды салаларда тұрақты өзара іс-қимылды дамыту көзделген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытай мен Гонконг нарығынан 1,4 млрд доллар тартқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз