Қазақстан мен Қытай 2027 жылы жастарға арналған семинарлар өткізуді жоспарлап отыр

Жарияланды
фото: E-LIGHT 2026

Астанада Халықаралық өркениеттер диалогы күніне орай E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдерінен 150-ге жуық делегат қатысты.

Форумда энергетика, цифрлық технологиялар, білім беру, кадр даярлау және жастар саясаты мәселелері талқыланды. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және энергетика саласындағы жас мамандарды қолдау тақырыптарына назар аударды.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа арналған көрме ұйымдастырылып, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар мен технологиялық шешімдер таныстырылды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов форумның Халықаралық өркениеттер диалогы күнімен қатар өтуінің мәніне тоқталды.

«Қазақстан үшін өркениеттер диалогы тақырыбы ерекше маңызды. Ұлы Жібек жолы тек сауда бағыты ғана емес, білім мен идеялардың алмасу алаңы қызметін атқарды. Бүгінде сол миссия жаңа мазмұнға ие болып отыр. Қазіргі Жібек жолының басты құндылықтары – білім, технология, инновация және адами капитал», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форум Қытай мен Орталық Азия жастары арасындағы байланыстарды дамытуға және энергетика мен технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз