ФИФА Әлем чемпионатынан 6 млрд доллардан астам табыс табуы мүмкін

FIFA Халықаралық футбол федерациясы 2026 жылғы Әлем чемпионатын ұйымдастыру арқылы 6 млрд доллардан астам табыс таппақ. Бұл туралы Finance Football компаниясы мәлімдеді.
Компания турнирдің негізгі табыс телетрансляциялар құқығын сатудан түсетінін айтып отыр. Осы арқылы ұйым шамамен 3,8 млрд доллар табыс табуы мүмкін.
Сонымен қатар жарнамалық келісімдер мен демеушілік серіктестік арқылы тағы 2,4 млрд доллар көлемінде кіріс түседі.
ФИФА-ның ең ірі серіктестерінің бірі – Сауд Арабиясының Saudi Aramco мұнай компаниясы.
Компания ұйымға жыл сайын шамамен 100 млн доллар төлейді. Сондай-ақ ең табысты демеушілер қатарында Adidas, Coca-Cola, Visa және Hyundai/Kia компаниялары бар. Әрқайсысы ФИФА-ға жылына 80-120 млн доллар аралығында табыс алып келеді.
Еске салайық, бүгін Әлем чемпионатының алғашқы ашылу рәсімі Мехико қаласындағы «Ацтека» стадионында өтеді.
XXIII Әлем біріншілігі тарихта алғаш рет бірден үш ел: АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласында ұйымдастырылады. Жаһандық додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Турнир аясында жалпы 104 матч өтеді.
Бұған дейін, Әлем чемпионатын жүргізетін қазақстандық комментаторлар белгілі болған еді.