Футболдан ӘЧ-2026 басталады: ашылу салтанатын қайдан көруге болады

Бүгін, 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні, футболсүйер қауым тағатсыздана күткен 2026 жылғы Әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Мундиалдың шымылдығын ашатын алғашқы ойында Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары кездеседі.
Биылғы дода 3 бірдей ұйымдастырушы Мексика, Канада, АҚШ 48 команданың басын қосқан футбол тарихындағы ең ауқымды Әлем чемпионаты болмақ.
Мексика – ОАР: Тікелей трансляция қайда және қашан болады?
Әлем чемпионатының алғашқы матчының трансляциясы Қазақстан уақытымен 11 маусым күні сағат 23:40-та басталады. Ойынды Qazaqstan ұлттық телеарнасы мен ресми сайты тікелей эфирде көрсетеді. Матч басталмас бұрын дүбірлі доданың ресми ашылу салтанаты өтеді.
ӘЧ-2026 ашылу салтанатының ерекшелігі
Бұл мундиалдың басты бірегейлігі тарихта тұңғыш рет үш бірдей ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Әрбір қабылдаушы ел өздерінің алғашқы матчтарының алдында (шамамен 90 минут бұрын) жеке шоу-бағдарлама ұсынады.
Ашылу салтанаттары қай жерде өтеді және кімдер өнер көрсетеді
| Қала мен Стадион | Басталу уақыты | Шоудың ерекшелігі мен Хедлайнерлері |
| Мехико, Мексика («Ацтека» стадионы) | 12 маусым 00:00 Мексика – ОАР матчының алдында | Әртістер: Шакира, Андреа Бочелли, Давид Гуетта, Ejae, Белинда, Дэнни Оушен, Джей Бальвин, Лила Даунс, Los Angeles Azules, Mana және Тайла. |
| Торонто, Канада («BMO Stadium») | 13 маусым 00:00 Канада – Босния және Герцеговина матчы алдында | Әртістер: Аланис Мориссетт, Алессия Кара, Элианна, Джесси Рейес, Майкл Бубле, Нора Фатехи, Санджой, Ведедрим және Уильям Принс. |
| Лос-Анджелес, АҚШ («SoFi Stadium») | 13 маусым 06:00 (АҚШ – Парагвай матчының алдында) | Әртістер: Кэти Перри, Future, Анитта, Рема, LISA (BlackPink) және Тайла. |
Әлем чемпионатының барлық 104 ойыны 11 маусым мен 20 шілде аралығында өтеді. Топтық кезеңнің алғашқы туры 18 маусымға дейін жалғасады. Барлық ойындардың кестесін сілтеме арқылы көре аласыз.