Министрлік қазақстандықтарға баруға болмайтын бірқатар елді атады

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ерлан Ашықбаев Сенат кулуарында қазақстандықтарға қайда баруға болмайтынын айтты.
Айтуынша, күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты кейбір елдерге баруға тыйым салынды.
«Африка елдеріндегі күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Таяу Шығыстағы қақтығыстардың жай-жапсары көпшілікке белгілі әрі түсінікті. Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдарының, соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы ахуалға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулықтарын қатаң ескеруіміз керек. Қазіргі уақытта Иранға және Африканың бірқатар елдеріне баруға кеңес берілмейді», – деді ол.
Министрлік мәселені ұдайы назарда ұстап, жағдайды тұрақты түрде қадағалап отыр.
«Азаматтардың, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз ету – еліміздің сыртқы саясаты мен отандық дипломаттардың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан біз түрлі елдердегі саяси ахуалды, табиғи апаттарды немесе экономикалық қиындықтарды жіті бақылап, соған сәйкес тиісті ұсынысымызды беріп отырамыз», – деді ол.
Бұған дейін, қазақстандықтар биыл қайда саяхаттап жатқаны туралы жазғанбыз.