Ел іздеген курьер ана: көпшілікті тебіренткен суреттің артында алаяқтар тұр ма

Соңғы күндері қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін ауыртып, қызу талқыға түскен сурет тағы да назарға ілікті. Арқасына курьерлік сөмке асып, қолына 3-4 айлық баласын алып, көшеде жүрген әйелдің суреті желіні шарлап кеткен болатын. Көпшілік «ана байғұс қандай күйге түскен?» деп аяушылық білдіріп, оған көмектесуге асықты.
Жақында Threads желісінде Алмат Несіпқалиев есімді қолданушы бұл ананы тапқанын айтып, жазба жариялады. Оның сөзінше, оқиға 8 маусым күні кешкі сағат 17:30–17:50 шамасында Алматы қаласындағы «Кристалл» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Автор сол жердегі мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтінін және осы көрініске куә болып, әйелді қуып жеткенін айтады.
«Артынан қуып жеттім. Расында да, қолында шамамен 3-4 айлық сәби бар екен… Күйеуінің ақшасы жетпегендіктен, осындай жұмысқа шығуға мәжбүр болғанын айтты», – деп жазды Алмат.
Ол анаға бір күндік табысын беріп, үйіне қайтарғанын және қазір оның байланыс нөмірі бар екенін мәлімдеді. Автор бұл анаға халық болып көмектесу үшін арнайы қор ашып, қаражат жинауды ұсынды.
Желі қолданушыларының күмәні
Алайда, Алматтың бұл ізгі ниетті болып көрінген жазбасына желі қолданушылары бірден күмәнмен қарап, оқиғаның ақ-қарасын ажыратуға тырысып отыр. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі бұл жағдайды кезекті алаяқтық схема немесе қолдан жасалған қойылым деп есептейді.
Пікір жазғандардың кейбірі бұл суреттердің жасанды интеллект арқылы жасалғанын немесе басқа бір ескі фотоларды пайдаланып, халықтың аяушылық сезімін ояту арқылы ақша жинаудың амалы екенін айтып отыр.
Қолданушылар суреттегі чек пен бейнебақылау камерасындағы уақыттардың сәйкес келмейтінін байқаған.
Көпшілік: «Қазір алаяқтық өршіп тұрған заман, тура осы адам екенін қайдан білеміз?» деп наразылық білдіріп жатыр.
Желі оқырмандары ақшаны арадағы делдалдарға немесе блогерлерге емес, егер шынымен көмек керек болса, сол әйелдің өзіне тікелей хабарласып беру қажеттігін алға тартты. Тіпті, бұл мәселеге полицияны араластырып, фотодағы адамды ресми түрде іздестіріп жатқандар да бар.
Қазіргі таңда бұл оқиғаның ақ-қарасы әлі ресми түрде толық дәлелденген жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желідегі мұндай «жүрекжарды» оқиғалардың артында жиі алаяқтардың тұратыны жасырын емес. Kursiv Media редакциясы бұл мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Алматы қалалық Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Халық іздеген курьер ана шынымен жәрдемге мұқтаж жан ба, әлде бұл біреулердің қалтасын толтыру үшін ойлап тапқан кезекті айласы ма? Редакция бұл жағдайды жіті бақылауда ұстайды.