Шайдоров пен Дияс: теннис кортындағы тосын кездесу

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: скрин

Қазақстандық танымал теннисші Зарина Дияс өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәнерлеп сырғанаудан еліміздің үздігі, олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен бірге түскен қызықты видеосын жариялады.

Спортшылар теннис кортында бас қосып, өзара бақ сынасып, теннис ойнаған. Зарина бұл кездесуді өзінің жаңа «Talk over Tennis» атты айдарының алғашқы бөлімі ретінде таныстырды.

«Миша өте ашық әрі қарапайым жан»

Зарина Дияс бұл ерекше кездесуден алған әсерімен бөлісіп, Михаилдың мінезіне тәнті болғанын жасырмады:

«Олимпиада ойындарының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровпен теннис және мәнерлеп сырғанау туралы сыр шертіп, сонымен қатар бірге теннис ойнап үлгердік. Миша өте ашық, қарапайым әрі жарқын адам екен, уақытымыз өте көңілді өтті!» – деп жазды теннисші қыз.

Жанкүйерлердің реакциясы

Бұл ерекше коллаборация желі қолданушылары мен спорт сүйер қауымның үлкен қызығушылығын тудырды. Пост астына пікір қалдырған оқырмандардың бірі: «Енді Заринаны мұз үстінен көруіміз керек» – деп әзілдеп, теннисшіні мәнерлеп сырғанауда бағын сынап көруге шақырды.

Екі түрлі спорт саласының саңлақтарын біріктірген бұл жоба алдағы уақытта бұдан да қызықты бөлімдермен жалғасатын секілді.

Еске сала кетейік, жақында Зарина Дияс теннистегі кәсіби мансабын аяқтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз