Кәсіпкер Дулат Тастекей микроқаржы ұйымын банкке айналдырмақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Business News бөлімінің аға журналисі
Қазақстанда тағы бір банк ашыла ма / Фото: 2gis.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Tas Finance Group микроқаржы ұйымы банкке айналуға ниетті. Қазір реттеуші органға лицензия алуға өтініш берген. Бұл туралы New Vision 2026 форумында компанияның тең иесі әрі бас директоры Дулат Тастекей мәлімдеді.

«Иә, қазір бізде бұл процесс жүріп жатыр. Дәлірек айтсақ, әзірге тек алғашқы келіссөздер мен реттеушіден рұқсат алу кезеңіндеміз. Шын мәнінде, бұл кем дегенде 1,5–2 жылға созылатын процесс», — деді Дулат Тастекей.

Егер бұл жоба сәтті жүзеге асып, мақұлданса, Қазақстан нарығында тағы бір жаңа банк пайда болуы мүмкін.

Ашық дереккөз мәліметінше, Tas Finance Group компаниясының ең ірі қатысушылары – Дулат Тастекей мен Рахат Тастекеев. Олардың әрқайсысына компанияның 46% үлесі тиесілі. Қалған үлестер басқа жеке тұлғалар арасында бөлінген.

Tas Finance Group актив көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі 5 микроқаржы ұйымының қатарына кіреді. 2026 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша компания активтері 105,7 миллиард теңгені құрады.

Дулат Тастекей мен Рахат Тастекеев – кәсіпкер Тұрсын Тастекеевтің ұлдары. Ал Тұрсын Тастекеев – Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеевтің туған бауыры. Сонымен қатар, Дулат Тастекей 2023 жылдан бері Алматы қаласы мәслихатының депутаты.

Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының банкке айналу үрдісі бұған дейін де байқалған. Тек 2025 жылдың өзінде елімізде екі бірдей ірі МҚҰ банк болып қайта құрылды.

2025 жылдың жазында кореялық BNK компаниясы өзінің микроқаржы ұйымын банкке айналдырды. Былтыр тамызда KMF ресми түрде банк ретінде қайта тіркеліп, банктік операцияларды жүргізуге лицензия алды.

Сондай-ақ оқыңыз