Мектеп бітіру кеші: полиция мейрамханаларды арнайы аралап тексермейді

Ішкі істер қызметкерлері мектеп бітіру кешіне қатысты мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына арнайы барып тексеріс жүргізбейді. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
Айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің мектеп қабырғасынан тыс жерде бітіру кештерін өткізуге тыйым салған ресми шешімі бар.
«Мектептегі іс-шараларға қатысты Оқу-ағарту министрлігі тиісті шешім қабылдады. Тағы да қайталап айтамын, ішкі істер органдарының қызметкерлері арнайы барып, қандай да бір ойын-сауық орындарын немесе мейрамханаларды тексермейді», – деді Санжар Әділов.
Полиция қандай жағдайда келеді?
Вице-министрдің түсіндіруінше, тәртіп сақшылары тек нақты құқық бұзушылық туралы шағым түскенде ғана әрекет етеді.
«Егер қандай да бір мекемеде заң бұзушылық тіркеліп, оқиға орнына полиция жасағы шақыртылса, жағдай басқаша өрбиді. Тексеру барысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылданады. Басқа жағдайда ешқандай арнайы жедел іс-шаралар қарастырылмаған», – деді ол.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда
Министрлік өкілі мектеп бітіру науқанымен тұспа-тұс келетін жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды.
Әсіресе, су айдындарындағы қайғылы жағдайлар жиілеп кеткендіктен, полиция бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Қазір су айдындарында балалардың қаза табуына қатысты қылмыстық істер өндірісте жатыр. Біз ата-аналармен, тұрғындармен белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жазғы уақытта балаларға өте мұқият болып, көз жазбай қарау керек», – деп ескертті ІІМ орынбасары.
Сонымен қатар, ведомство ересектердің табиғат аясына шығып, пикник ұйымдастыру кезеңі басталғанын алға тартып, демалушыларды өзен ағысы мен су температурасын міндетті түрде ескеруге, қырағы болуға шақырды.
Айта кетейік, Астана қаласының билігі мектеп бітіру кешіне байланыст ата-аналар мен түлектерге қатаң ескерту жасады.