Канада жасөспірімдерге әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салды, Қазақстан ше

Канада үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын цифрлық қауіпсіздік туралы жаңа заң жобасын ұсынды.
Жаңа ереже бойынша 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілер мүлдем жабылады. Тек балалар үшін өте қауіпсіз, арнайы тексерістен өткен бағдарламаларға ғана рұқсат берілуі мүмкін. Сонымен қатар, үкімет интернетті қадағалайтын арнайы мекеме құрмақшы. Бұл мекеме ChatGPT сияқты жасанды интеллект роботтарының да балаларға зиян келтірмейтіндей қауіпсіз болуын қадағалайды.
Белгіленген талаптарды орындамаған компанияларға жаһандық табысының 3 пайызы көлемінде немесе 10 млн канада долларына (шамамен 7,2 млн доллары) дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Канада мәдениет министрі Марк Миллердің айтуынша, әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект бағдарламалары адамды өзіне байлап, тәуелді қылып қою үшін арнайы жасалған. Олар баланың дұрыс өсуіне кедергі келтіреді: жасөспірімдерді уайымшыл қылады, жалғызсыратады, көңіл-күйін түсіріп, жүйкесін жұқартады. Ал жаңа заң балаларды осы зияннан қорғап, олардың интернетте телмірмей, шынайы өмірде дос табуына, сабақ оқуына және пайдалы істерді үйренуіне көмектеседі.
Ең алғаш рет әлемде Аустралия жасөспірімдерге әлеуметтік желіге кіруге ресми тыйым салды. Екі айдан кейін Ұлыбритания және Франция да осындай өзгеріс енгізу туралы ойлана бастады. Қазақстан үкіметінде де жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеу туралы сөз қозғалған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл мәселені талқылап жатыр.