Алматы тауларында Қытай азаматшасы зардап шекті

Алматы маңындағы Үлкен Алматы көлі ауданында квадроциклмен жүру кезінде Қытай азаматшасы зардап шекті, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
Оқиға бүгін теңіз деңгейінен 2510 метр биіктікте орын алды. 2001 жылы туған бойжеткенге құтқарушылардың көмегі қажет болды.
Ведомствоның мәліметінше, квадроциклмен жүру кезінде ол аударылып, оң қолынан жарақат алған. Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары аттанды.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар зардап шеккен азаматшаға алғашқы көмек көрсетіп, оны таулы аймақтан қауіпсіз түсіріп, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.
Қарап тексеруден өткізіп, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бойжеткен Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Айта кетейік, осыған дейін құтқарушылар Алматы тауларының «Пионер» шыңынан шетелдік турист әйелді эвакуациялағанын жазған едік.