Шетел азаматтарына ЖСН нөмірді сатып келген топ ұсталды

Астанада шетел азаматтарына заңсыз ЖСН рәсімдеген топтың ісі сотқа жолданды. Оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері де бар. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.
Агенттік мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы анықталғанын мәлімдеді.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады. Алайда 2024–2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған», – деп хабарлады ҚМА.
Қылмыстық топ бұл схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арналарды пайдаланылған. Сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған.
«Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген», – делінген хабарламада.
Ақшалай сыйақы делдалдардың көмегімен аударылып, кейін қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.