Қазақстанда жаңа піскен қызанақ импортына уақытша тыйым салынады

Қазақстанда жаңа піскен қызанақ импортын уақытша шектеу ұсынылды. Тиісті бұйрық жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Құжатқа сәйкес, бұл шешімді Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған.
«Бұйрық жобасында 1 шілдеге дейін үшінші елдерден Қазақстан аумағына жаңа піскен немесе салқындатылған қызанақты автомобиль, теміржол, әуе және басқа да көлік түрлері арқылы әкелуге тыйым салу көзделген. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден жеткізілетін өнімдерге және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық транзитпен тасымалданатын жүктерге қолданылмайды», – делінген құжатта.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 16 маусымға дейін жалғасады.