Үкімет ірі банктерді «құтқару» талабын бекітпек: бюджет қаржысы қалай өтеледі

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Банктерді қайта сату ережесі бекітілді / Сгенерировано нейросетью, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мемлекет қаржылай көмек көрсетіп, банкроттықтан аман алып қалған жүйелі маңызды банктер кейін жеке инвесторларға қалай сатылады? Қазақстан Үкіметі осы процесті реттейтін арнайы қаулы жобасын әзірледі. Құжаттағы ең негізгі жаңалық – мемлекет банкке құйған қаржысын жаңа қожайыннан толық көлемде қайтара алмауы мүмкін. Билік қаржы нарығының тұрақтылығы мен салымшылардың ақшасын сақтап қалу үшін инвесторларға жеңілдік жасауға және шығынның бір бөлігін өз мойнына алуға дайын отыр.

Мемлекет банкті қалай сатып алады?

Егер Қазақстанның қаржылық тұрақтылық кеңесі жүйелі маңызды банкті сауықтыруға мемлекет қатысады деп шешсе, арнайы құтқару режимі іске қосылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк және Қаржы министрлігі бірлесіп, Үкіметке нақты жоспар мен есеп-қисапты жолдайды. Сондай-ақ бұл құжатта банктің өміршеңдігін бағалау қорытындысы, капитал көлемі және оны қалпына келтіруге қажетті нақты сома көрсетіледі.

Үкімет құжатты алғаннан кейін, 3 жұмыс күні ішінде банктің немесе оның активтері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдайды.

Мемлекет атынан акцияларды тікелей Үкіметтің өзі немесе ұлттық басқарушы холдинг сатып ала алады. Құжатқа сай, акцияларды сатып алу бағасы инфляция деңгейін ескере отырып, олардың бастапқы құнынан төмен болмауға тиіс.

Жаңа инвесторға қандай талап қойылады?

Банкті сауықтыру режимі аяқталғаннан кейін, Үкімет немесе ұлттық холдинг акцияларды жаңа инвесторға сату шараларын бастайды. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми сайттарда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде инвестор іздеу туралы хабарландыру жарияланады. Жаңа қожайын ашық тендер арқылы таңдалады.

Әрбір әлеуетті сатып алушы мына талаптарға сай болуы керек:

  • Мінсіз іскерлік беделі;
  • Банктің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын қаржысы бар;
  • Банк заңнамасында ірі қатысушыларға қойылатын барлық нормативтерге сәйкес келуі.

Кімдерге банкті сатып алуға тыйым салынады?

Құжат бойынша, банкке мемлекеттік көмек берілгенге дейін оның ірі қатысушысы немесе акционері болған тұлғалар, сондай-ақ банкпен ерекше қарым-қатынаста болған тараптардың бұл активті қайта сатып алуға құқығы жоқ.

Сонымен қатар, акцияларының 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі кәсіпорындар да (ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда) сатып алушылар қатарында бола алмайды.

Мемлекет ақшасын қайтара ала ма?

Ереже жобасындағы ең маңызды тетік – мемлекет жұмсаған қаржыны банкке келген жаңа инвестордан ішінара қайтарып алу (өтеу) шарты. Жаңа инвестор мемлекет шығынын банктің болашақта табатын таза пайдасы есебінен жаба алады. Бірақ бұл міндетті талап емес.

Үкімет келесі критерийлерді ескере отырып, банкті мемлекеттік шығындарды өтеу шартынсыз-ақ сатуға құқылы:

  1. Егер шығынды өтеу талабы банктің нормативтерді бұзуына әкелсе немесе оның тұрақты жұмысына кедергі келтірсе;
  2. Егер бұл шарт әлеуетті сатып алушыларды шошытып, мәміленің тартымдылығын айтарлықтай төмендетсе;
  3. Егер жаңа инвестор бұл шарттың орнына банкті өз қаражаты есебінен капиталдандыру және дамыту бойынша үлкен міндеттемелерді мойнына алса.

Егер акцияларды мемлекет шығынын ішінара өтеу шартымен сату туралы шешім қабылданса, бұл процесс қатаң ережелермен жүреді. Ең алдымен, банк Ұлттық банктен алған соңғы сатыдағы қарызын (егер бар болса) толық қайтаруы тиіс.

Содан кейін ғана жылдық аудиттелген таза пайда есебінен бюджетке төлем жасала бастайды. Алайда, бұл төлемдер банктің тұрақтылығына қауіп төндірсе немесе нарықтағы ахуалды нашарлатса, шығынды өтеу процесі дереу тоқтатылады.

Осылайша, мемлекет үшін бюджет қаржысын жүз пайыз қайтарудан бұрын, қаржы институтының нарықта аман қалуы, халықтың салымы мен жалпы елдің қаржы жүйесінің қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр.

Қазақстанда 23 банк тіркелген. 2017 жылдары үкімет жүйе құраушы банктерді дағдарыста құтқару үшін қомақты қаржы бөлген. Сол кезде мемлекеттер көмек алған бірқатар банк борышын қайтарды.

Қазір Alatau City Bank, «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» балансында мемлекттік көмек бар. 2026 жылдың қаңтар айында реттеуші орган бастапқыда дивидендтің кемінде 66%-ын қайтаруды ұсынған болатын. Алайда кейінгі өзгерістерден кейін бұл талап 100%-ға дейін көтерілді. 

Сондай-ақ оқыңыз