Президент мектепте смартфон қолдану және ұстаз жауапкершілігі туралы заңға қол қойды

Президент мектепте ұялы телефон қолдану және педагог жауапкершілігі туралы заңға қол қойды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды», – деп хабарлады Ақорда.
Соған сәйкес, педагогтер мен мектеп басшылығының шәкірттер өміріне қатысты құқықтық жауапкершілік аясы нақтыланды.
Ендігі жерде педагог және білім беру ұйымының басшысы білім алушылар немесе тәрбиеленушілермен болған кез келген оқиғалар үшін ресми жұмыс уақыты мен сабақ үстінде ғана жауапты болады. Бұл норма мұғалімдерді сабақтан тыс уақытта, мектептен тыс жерлерде балалардың қатысуымен болатын келеңсіздіктер үшін негізсіз айыптаудан қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа заң аясында оқу-ағарту министрлігіне арнайы құзырет беріліп отыр. Министрлік орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы телефондарды пайдалану қағидаларын жеке әзірлеп, бекітетін болады. Бұл мектеп қабырғасындағы оқу процесінің тиімділігін арттыруға және балалардың сабақ үстінде гаджеттерге алаңдамауын заңдық деңгейде реттеуге бағытталған.