Біздің миссиямыз аяқталмады: Аймағамбетов партиялардың бірігуін түсіндірді

«Amanat» партиясының «Әділет» партиясымен бірігуі саяси алаңдағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Осыған орай Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтен партия атауының өзгеруі мен көпжылдық тарихы бар саяси ұйымның жаңа кезеңге қадам басуына қатысты пікір білдірді.
«Қимастық сезімі жоқ»
Журналистер партия атауының өзгеруі мүшелер арасында қимастық сезімін тудырды ма деген сауал қойды. Депутат бұл шешімге байланысты ешқандай қобалжу немесе қимастық сезімі жоқ екенін айтты.
«Бұл жерде ешқандай қобалжу жоқ. Қимастық қандай да бір жұмыс аяқталып жатса ғана болады. Ал мұнда біздің миссиямыз аяқталған жоқ», – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, партия өзге идеологияны ұстанатын саяси күшпен бірігіп жатқан жоқ.
Құндылықтары ортақ партиялар бірігіп жатыр…
Депутаттың сөзінше, екі партияны ортақ құндылықтар мен мақсаттар біріктіреді.
«Біз бөтен әрі басқа идеологиялық көзқарасы бар партиямен бірігіп жатқан жоқпыз. Бүгін біз құндылықтары, ұстанымы, көзқарасы бір және «Әділетті Қазақстан» идеясының төңірегінде бір көзқарастағы партиямен бірігіп жатырмыз», – деді ол.
Аймағамбетов мұндай жағдайда қимастық сезімінің болуы орынсыз екенін жеткізді.
«Ешқандай да қимастық сезім болатындай жағдай жоқ. Өйткені бұл жұмыс әрі қарай жалғасып жатыр. Одан сайын бірігіп, күш біріктіріп жатырмыз. Қазір еліміздің жаңа даму кезеңі. Сондықтан үлкен мақсаттарға жетеміз деген сенімім бар. Біз үлкен күшпіз», – деді депутат.
Айта кетейік, Астанада өткен AMANAT партиясының XXVI съезінде «Amanat» партиясы «Әділет» партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Шешімді Amanat партиясының съезінде партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жариялады.