«Ұзақ іздедік»: Продюсер Шоқан рөліне Құлмурзинді таңдау себебін түсіндірді

Жарияланды 12 Маусым 2026 19:12

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Шоқан Уәлиханов рөлін ойнайтын актер Ерлан Құлмурзин
Ерлан Құлмурзин жауапкершілікті жақсы сезінеді / фото: Instagram/Shoqan.film

Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильм түсіріп жатқан Майя Бекбаева басты рөлге жас актер Ерлан Құлмурзинді бекіту себебін түсіндірді.

Продюсер қазақтың біртуар тұлғасы Шоқан туралы жоба медиа мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқанына қуанды. Бекбаева азаматтардың белсенділігін осы фильмге қызығушылық жоғары екенін көрсетеді деп есептейді.

Айта кетейік, желідегілер негізінен Уәлиханов рөліне бекітілген Ерлан Құлмурзинді талқылап жатыр. Жастар жағы оның фильмге түсетініне қуанса, бұған дейін Шоқан рөлін сомдаған Сағи Әшімов, Нұрмұхан Жантөрин сынды дарынды актерлердің жұмысын жақсы білетіндер продюсер таңдауын сынаған. Мәселен, желіде белсенді Ботагөз Доскен (Бота Дн) жас актерді «Шоқанның атқосшысына» балаған.

«Көпшілік басты кейіпкерді талқылап жатыр. Біз Ерлан Құлмурзинді ұзақ іздедік. Біз үшін актердің осы рөлге жауапты қарауы да маңызды», – дейді Бекбаева Instagram-да.

Продюсер Шоқан рөлін сомдағысы келетін актерлерге талап жоғары болғанын айтты.

«Кейіпкеріміздің бойынан көптеген қасиетті көргіміз келді. Сырт келбетінің сымбаттылығы, өзін ұстай білуі, тәкаппарлығы тағы бар. Оның үстіне актердің қазақ және орыс тілдерін жетік білуі, аттың құлағында ойнайтыны да ескерілді. Ерлан Құлмурзин осы талаптардың бәріне сай болып шықты. Оның жұмысын өздеріңіз бағалайсыздар», – деп түсіндірді Бекбаева.

XIX ғасырда өмір сүрген ғалым, ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильмді түсіру басталып та кетті. Мәселен, өлкетанушының Қашқарияға сапары Бұхара қаласында (Өзбекстан) түсірілді.

Айта кетейік, жобаға Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа сынды танымал әртістер де қатысады. Бекбаева онлайн-кастинг нәтижесінде бекітілген ұжымды «әркім армандайтын жұлдызды топ» деп атаған.

Сондай-ақ оқыңыз