Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге мемлекеттік мереке – Ресей күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.
Жеделхатта президент Қазақстанның Ресеймен арадағы достық пен тату көршілік қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін атап өткен. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстардың маңызына тоқталған Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін тілге тиек етті.
«Сіздің жуырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыздың мәні зор. Оның нәтижелері өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, ауқымды жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға тың серпін берді», – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында мемлекетаралық байланыстардың алдағы уақытта барлық сала бойынша қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Құттықтау соңында мемлекет басшысы Владимир Путинге Ресей Федерациясының игілігі мен өркендеуі жолындағы жауапты қызметіне табыс, ал көршілес елдің халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев Канаданың жаңа генерал-губернаторын қызметке кірісуімен құттықтағанын жазған едік.