Шымбұлақта аспалы жолда тұрып қалған адамдарды тікұшақпен құтқарды

Алматыдағы «Шымбулақ» тау курортында аспалы жол жолаушыларын тікұшақтың көмегімен эвакуациялау бойынша бірегей арнайы оқу-жаттығу шарасы өтті. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған бұл күрделі операцияға бірнеше шұғыл қызмет жұмылдырылды.
120 метр биіктіктегі құтқару операциясы
Сценарий бойынша, тау ішіндегі аспалы жол кенеттен тоқтап қалып, ішіндегі жолаушылар жерден 120 метр биіктікте құрсауда қалған. Апатты жағдайдан адамдарды жедел алып шығу үшін оқиға орнына ТЖМ авиациясының тікұшағы мен арнайы жасақтар жетті.
Операцияға Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары, ТЖМ авиациясы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және курорттың жеке қызметкерлері жұмылдырылды.
Жоғары биіктікте қалған адамдарды тікұшақ ілмектері мен арнайы құрылғылар арқылы қауіпсіз жерге көшіру іс-қимылдары іс жүзінде мінсіз пысықталды.
Қауіпсіздік – басты басымдық
Курорт әкімшілігінің мәлімдеуінше, мұндай күрделі тактикалық жаттығулар түрлі жауапты мекемелердің өзара жедел іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Осындай жаттығулар тиісті мекемелердің өзара іс-қимылын жетілдіріп, курорт қонақтарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымбұлақтан Бұтақтыға дейін аспалы жол салынатынын жазған едік.