Жақында Алматы көшелерінде жаңа такси көліктері пайда болады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: greensm.com

Алматыға Green SM атты вьетнамдық жаңа такси сервисі кірмекші. Компания биыл маусымның соңында жұмысын бастамақшы және тек электромобильдерді пайдаланады деп жазады Forbes Kazakhstan.

Такси сервисінің бастапқы иесі – Вьетнамдағы Green SM компания, Қазақстанда GSM Kazakhstan арқылы жұмыс істейді. Компания директоры Артур Шаймұхамбетовтің сөзінше, бастапқыда экокөліктер VinFast VF 6 моделінде болады. Бірақ нақты қанша автомобиль жолға шығатыны белгісіз. Автопарк кезең-кезеңімен кеңейіп отырады деген жоспар бар.

Әзірге сервис Алматыда жұмыс істейді, Қазақстанның басқа қалаларына қашан шығатыны жайлы шешім қабылданған жоқ.

Вьетнамдық такси тек электромобильмен жүреді және компания мұны басты артықшылық деп санайды. Бастапқыда Қазақстанда бар қуаттағыш бекеттер жүйесімен жұмыс істейді. Кейінірек автопарк үшін арнайы операциялық орталықтар салып, сол жерге өзінің қуаттағыш бекеттерін орналастырмақшы.

Жақында әлеуметтік желіде GSM Kazakhstan жүргізушілер іздеп жатқаны жайлы хабарландырулар да шықты. Компания пайданың 17%-ын өзіне алып, 83% табыс жүргізушілерге қалатынын айтады.

Айта кетейік, биыл Алматыда пилотсыз таксилер де пайда болмақ. Жобаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Yandex Qazaqstan» және «inDrive» компанияларымен бірлесіп іске асырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз