«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі: Әсет Матаев сұрақ қойған журналиске тіл тигізді

Алматы сотында «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Сот барысында адвокат Рена Керимова істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдірді. Соған байланысты үзіліс жарияланды.
БАҚ өкілдері бөлек залда отыр. Үзіліс кезінде «ҚазТАГ» бас редакторы – қылмыстық істегі сотталушы Әмір Касенов журналистердің сұрағына жауап беруге келді.
KursivMedia тілшісі Касеновтен «ҚазТАГ» ақпараттық агентігінде «Фридом Финансқа» қатысты 300-ге тарта материал жарияланды деген ақпарат бар екенін айтып, мұны ақпараттық шабуыл деп санамай ма?» деп сұрады. Әмір Касенов KursivMedia-ға сенбейтінін жеткізіп, басылым туралы «біреудің төсегін аңдып жүреді» деп пікір білдірді.
Ал қойылған сұраққа Әмір Касенов қылмыстық іс материалдарында он шақты материал ғана барын айтты. Әрі қарай сұрақ қойған тілшіге «Намысыңыз қайда? Қазақ емессіз бе?» деп, жеке басына өтті.
Осы сәтте БАҚ өкілдері отырған залға «ҚазТАГ» басылымның бас директоры Әсет Матаев кіріп, қылмыстық іс материалдарында 11 ақпарат қамтылғанын айтты. Әрі қарай дауысын көтеріп, сұрақ қойған KursivMedia тілшіне «ұятсыз», «намысыңыз жоқ», «журналист емессіз» деп тіл тигізді.
Осындай әңгіме барысында Әсет Матаевқа медиациялық келісімге келу бойынша да сұрақ қойылды. Матаев «менің ешқандай қатысым жоқ, Әмір келісім берсе…» деп жауап берді.
«Материалды мен шығарған жоқпын. Менің бұл іске қатысым жоқ», – дейді Матаев.
Айта кетейік, 15 маусымда Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ХАА мен «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының ісіне қатысты сот процесі басталды. Жауапкерлер орындығында «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов, басылымның бас директоры Әсет Матаев, Астана тұрғыны Жанна Қапарова және «Malim Media» құрылтайшысы Уәлихан Рамазанов отыр.