«Тұрақ жарты жылға жабылады»: Медеуге барғысы келетіндер нені білуі керек

Алматы әкімдігінің Құрылыс басқармасы «Медеу» спорт кешенінің автотұрағы жарты жылға жабылатынын хабарлады.
Шектеу спорт кешенін қайта жаңғырту жобасын іске асыру аясында енгізілмек. Автұрақ 16 маусымынан желтоқсан айына дейін жабық болады.
«Шектеу құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне және нысан аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды және қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Әкімдік хабарламасында мұз айдынына жақын орналасқан аспалы жолға көтерілетін жердегі автотұрақ туралы ештеңе айтылмаған.
Медеуге автобуспен жетемін деушілер үшін №12 және №21 бағыттағы қоғамдық көлік бұрынғыдай қатынай беретінін айта кеткен жөн.
Бүгінде «Медеу» биік таулы спорт кешенінде жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік мәліметінше, жұмыс 2027 жылы төртінші тоқсанда ғана аяқталады.
Не өзгереді
Айдында жаңа тоңазытқыш жабдығы орнатылады. Бұған қоса, инженерлік коммуникацияны толық ауыстырғалы жатыр.
Шығыс қанаттағы қонақүй жаңартылып, батыс трибунада кофеханалар мен демалыс аймағы орналасқан терраса жасалады. Кешен алдында жерасты паркингінің үстінде «SUN-DECK» аталатын көпфункционалды қоғамдық кеңістік форматындағы демалыс аймағы пайда болады.
Іргелес аумақты көркейтуге ерекше көңіл бөлінген: жаяу адамдар аймағы, шолу алаңдары және панорамалық нүктелер жасалады. Сонымен бірге көгал төселіп, жарық орнатылады.