Петропавлда бойжеткен имамды тонап кеткен

Петропавлда бойжеткен «Қызыл-Жар» мешітінің имамын тонап кеткен. Ол имам кабинетіне кіріп, 36 500 теңгені қолды қылған деп жазады Halyqstan.
Бірақ бойжеткен мешіт ішінде бақылау камералары бар екенін ескермеген. Сондағы бейнелерге қарап полицей ұрыны тез тапты. Айыпталушы жасаған ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұраған. Ал имам оған кешірім беріп, темір торға жібермеуін де өтінді.
Сот оның бұрын сотты болмағанын, кішкентай баласы бар екенін ескеріп, бір жарым жылға бас бостандығын шектеу деген үкім шығарды. Сондай-ақ жәбірленушілердің өтемақы қорына 65 мың теңге аударуға міндеттеді.
Бұған дейін Астанада клиенттің алтынын ломбардқа өткізген такси жүргізушісі ұсталған еді. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.