Ұлттық ұлан Головкиннің тарихи жетістігіне орай ерекше құттықтау жолдады

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қазақ боксының аңызы Геннадий Головкиннің тарихи жетістігіне орай акция ұйымдастырды. Ұландықтар саптық алаңда оның әйгілі «GGG» брендін бейнелеп, отандық спорт аңызына деген сый-құрметін көрсетті.
Акция Геннадий Головкиннің АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдануына орай ұйымдастырылды. Осылайша даңқты спортшы аталған мәртебеге ие болған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанып, ел спортының тарихында тағы бір маңызды белесті бағындырды.
Әскери оркестр әйгілі композицияны орындады
Әскери музыканттар Геннадий Головкин жекпе-жектер алдында дәстүрлі түрде рингке шығатын әйгілі Seven Nation Army композициясын орындады.
«Геннадий Головкин өзінің қажырлы еңбегі, шеберлігі мен жарқын жеңістері арқылы Қазақстанның атын әлемге танытты. Оның спорттық жетістіктері ұлттық мақтаныш айналған. Ол жас ұрпаққа табандылық пен өз ісіне адалдықтың арқасында әлемдік деңгейдегі жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген жарқын тұлға», – деді акцияға қатысушы қатардағы Марлен Сұрамаев.
Еске салайық, Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына қабылданып, әлемдік бокс тарихындағы ең үздік спортшылар қатарына қосылды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыз спортшылармен бір қатарда тұр.
GGG кәсіпқой рингке шықпас бұрын әуесқой бокста феноменалды нәтижелер көрсетті: 350 жекпе–жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жеткен. 2003 жылы Әлем чемпионы атанды. 2004 жылы Афины Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ оның қоржынында Азия чемпионаты мен Азия ойындарының алтын медальдары бар.